ШҚО-да бюджет айқындылығы бойынша шаралар жалғасуда

26 августа 2016, 8:11
Сейчас читают:

Облыс әкімінің сайтында жергілікті бюджет шығынының негізгі мәліметтері жарияланған айдар ашылған. Әкімдікте ай сайын бюджет қаражатын игеру бойынша ақпарат ұсынуды жоспарлап отыр.

ШҚО әкімінің ресми интернет сайтында облыстық бюджетті игеру бойынша айдар іске қосылған. Аймақ тұрғындары бюджет қаражатына қандай іс-шаралар жүзеге асырылғанын көре алады. ШҚО әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаевтың айтуынша, мәліметтер ай сайын жаңартылып отырады.

«Біз бюджеттің барлық тұрғындарға түсінікті болғанын көздеп отырмыз. Мемлекеттік органдардың бюджет қаражатының игерілуі әрдайым интернет сайттарда жарияланып тұрады. Бірақ оның мазмұнын әр адам түсіне бермейді. Аймақ тұрғындары бюджет қаражатына қандай шаралар жүргізілгенін көру қажет. Сондықтан біз ай сайын жаңартылып тұратын айдарды іске қосып отырмыз», – деді әкім орынбасары.

Берілген арнайы диаграммадан 2016 жылдың тамыз айында бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалғанын көріп отырмыз. Денсаулық сақтау саласына аймақ бюджетінің 37 пайызы немесе 31,1 миллиард теңге жұмсалғаны белгілі. Осы қаражат негізінде жедел жәрдем желісіне 406 шақыру түсіп, 396 мыңнан астам адамға тегін медициналық көмек көрсетілді. 10,5 мыңнан астам адам жеңілдетілген түрде медициналық дәрі-дәрмек ала алды. Жыл басынан 11 мың адам вирусқа қарсы дәрі-дәрмек алса, 8542 адам диабетке қарсы медициналық препараттарға қол жеткізді.

Жалпы, ШҚО әкімінің ресми сайтында білім беру, құрылыс пен жол жөндеу, ТҮКШ, мәдениет және спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету және кәсіпкерлік салалары бойынша бюджет игеріліуін көруге болады.

Также читайте